Алматыдағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының 25 жылдық жұмысы қорытындылануда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының құрылғанына 25 жыл толуына орай «Әділет» қоғамына 25 жыл» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Оған ғалымдар, зерттеушілер, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысуда.

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Санжар Оразұлы Жандосовтың ұйымдастыруымен бұдан 25 жыл бұрын, 1989 жылы сәуір айында құрылған болатын. Одан бертін келе бұл қоғамды Манаш Қозыбаев, Мұрат Баймақанов, Кеңес Нұрпейісов сынды көрнекті ғалымдарымыз басқарды. 25 жылдың ішінде «Әділет» қоғамы 20-ғасырдың 20-50 жж. орын алған сталиншілдік солақай саясат қасіреттерін қарастырумен шұғылданды. Осы салада күні бүгінге дейін 30 томдай кітапты жарыққа шығарды. Еліміздің барлық облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында Азалы кітаптар жарық көрді. Кейбір облыстарда тіпті 2-3 томнан шығарылды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар мен атылып кеткендердің тізімі жасалынды.

Қазір қуғын-сүргін құрбандарының барлығы қалмады деуге болады. Олардың балаларының өздері де азайып бара жатыр. Бүгінгі әңгіме бір жағынан «Әділеттің» 25 жылдық жұмысын қорытындылау болса, екінші жағынан оның келешегі жайлы пікір алмасу және нақты ұсыныстарды ортаға салу», - деді «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес.

Айта кетелік, бүгінгі конференция соңында қатысушылар тиісті қарар қабылдайды.