Алматыдағы халықаралық кәсіпқой бокс турнирінде барлық жекпе-жекте қазақстандықтардың мерейі үстем болды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 18-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда кәсіпқой бокстан Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы мен «Zhersu» корпорациясы ұйымдастырған халықаралық кәсіпқой бокс турнирінде барлық кездесуде де қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің мерейі үстем болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ол өздерінің кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізгелі отырған 69 килә салмақтағы алматылық Ғалымжан Мырзабаев пен бішкектік Нұрдин Солубековтің жекпе-жегімен басталды. 4 раундық бұл сайыста Ғалымжан қарсыласын 2-ші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Одан кейінгі кездесу 55,3 килә салмақта тағы бір алматылық Тұрсынбек Сыдықов пен ресейлік Равиль Мұхамедияров арасында өтті. Бұған дейін 1 ғана кездесу өткізген (нокаутпен аяқтады) Тұрсынбек тәжірибелі қарсыласын(33 кездесу өткізіп, оның жетеуінде жеңіп, 26-сында жеңіліс тапқан) 4 раундтық бұл сында ұпай санымен ұтты. Осы салмақ дәрежесіндегі шымкенттік Ерсін Жайлауов пен таиландтық Наронной Ор Муанланг арасындағы 6 раундтық кездесуде де ұпай саны бойынша қазақстандық боксшы басым түсті. Төртінші жұпта 53,5 киләда бақ сынаған қызылжарлық Жанат Жақиянов пен ресейлік Александр Федеровтың 8 раундық кездесуі мерзімінен бұрын аяқталды. Бұған дейін қарсыластарына 19 кездесуде үстемдік танытып, 5 кездесуде жеңіліп, 1 рет тең түскен Александр бұл жолы қоржынында 5 жеңісі мен 1 жеңілісі бар Жанатқа ұпай беруге мәжбүр болды. 57,2 киләдағы бесінші жұптың жекпе-жегінде бұған дейін 8 кездесуде жеңіп, 4 кездесуде жеңіліп, 1 рет тең түскен Ёдмонкол Синменасак алдыңғы 3 кездесуін де жеңіспен аяқтаған Міржан Жақсылықовтың қарқынына төтеп бере алмады. Оның жеңісті жолын 61 килә салмақта аягөздік Берік Қалиев жалғастырды. 6 раундық бұл жекпе-жекте ресейлік Александр Салтыковтың бапкері 3 раундта шаршы алаңға орамал тастауға мәжбүр болды. 66,6 киләдағы 6 раундтық кездесуде Әсет Айсин қарсыласы эстониялық Леонтий Ворончукты 1-ші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Осы салмақтағы 8 раундық Владислав Савченко мен тайландтық Сомчай Накбалидің кездесуінде тай спортшысының бапкері 5-ші раундта амалсыздан шаршы алаңға орамал тастады.