Азаматтардың көп жиналуын және жұқтыру қаупін болдырмау үшін карантиндік шаралардың қатаңдатылуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекке алдын ала тапсырыс беру қажет. Сонымен қатар, қаулыға сәйкес қаланың барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі де өзгерді.
Бірінші ақпаннан бастап барлық ХҚО-лардың жұмыс кестесі дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.
ХҚКО ғимараттарына міндетті түрде бетперде тағып кіру керек. Қашықтықты сақтау үшін белгілер 1,5-2 метр қашықтықта сызылған. Әрбір ХҚО-да санитайзерлер бар.
Брондауға өтінім қалдыру үшін азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалана алады немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу қажет. Брондау рәсімінен кейін азамат ХҚКО-ға қай уақытта келу керектігі туралы хабарлама алады.
«Біздің әріптестеріміз фронт-офистерде қызмет алушылармен тікелей байланыста. Біз келушілер мен қызметкерлерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етуге барынша тырысамыз. Сондықтан көрсетілетін қызметті алушыларға қандай да бір ауру белгілері болған жағдайда ХҚО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
Сондықтан ХҚО-ға бару керек болса, кезекті Egov.kz порталы арқылы онлайн белгілеуге болады:
- еgov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіңіз
- басты беттегі «Кезекті ХҚО-ға онлайн брондау» сілтемесіне кіріңіз
- ашылған бетте ЖСН нөміріңізді, ауданыңызды толтырыңыз
- қажетті ХҚО мекенжайы мен қызмет түрін таңдаңыз
- әрі қарай орталыққа бару күні мен уақытын көрсетіңіз.
Брондау сәтті өтсе, сіздің телефоныңызға тиісті хабарлама келеді.