Алматыдағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Шабыт» демалыс орталығы ашылды

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Шабыт» экспериментальды жастар демалыс орталығы ашылды.

Орталықты академия басшылығы Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорымен бірлесе отырып, Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқарманың қолдауымен Алматыда алғаш рет ашып отыр. Ондағы мақсат жастардың өз денсаулықтарына жауапты қарауын қалыптастыру мен денешынықтыру, спортты насихаттауды көздейді.

«Академиямыздың профессор, оқытушыларымен ақылдасқанымда осындай орталық ашуды барлығы құптады. Әзірге 2 кешен дайын болды. Жақында 3-сін ашқалы отырмыз, оның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге, алдағы уақытта 4-ші орталықты ашу жоспарда бар», - деді академия ректоры Әділбек Ботабеков.

Ашылу салтанатында Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков және Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқарма бастығы Бақтияр Мәкен бас болып, академия студенттерін жаңа орталықтарымен құттықтады.

Жаңа экспериментальды демалыс орталығында заманауи жабдықталған спорт залы, психологиялық кеңес беру бөлімі және шығармашылық залы бар.