Алматыдағы ҚазҰУ-де болашақ қаржыгерлер арасында олимпиада өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - ҚазҰУ-де студенттер арасында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мен «Менеджмент» мамандықтары бойынша ең үздік команданы анықтайтын республикалық олимпиада өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олимпиадаға республиканың барлық аймақтарынан ЖОО-ның командалары қатысуда. Ақтық сынға жолдама алған қатысушыларды таныстыру, жобаның тұсаукесері мен капитандар конкурсы сияқты үш тапсырма күтіп тұр. Бұған дейінгі кезеңде студенттер арнайы ғылыми жобаларды жазып, тест сұрақтарына жауап бере отырып іріктеу сайысынан өткен.

Шара Ұлттық инновациялық қор, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Банк Центркредит» АҚ-ның қолдауымен өтіп отыр.

«Мұндай шаралардың өткізілуі Елбасымыздың жастарға қатысты ұстанған бағытына сәйкес бәсекеге қабілетті, білімді де білікті жастарды тәрбиелеп, жастардың білімін жетілдіре отырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», дейді әділ қазылар алқасының мүшесі, ҚазҰУ-дің «Менеджмент және бизнес» кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Мұхтарова.

Қазақстан экономикасы мен басқару саласында еңбек етіп, аталмыш ғылымның дамуына үлес қосып жүрген мамандар әділ қазылар алқасында төрелік етуде.