Алматыдағы кейбір автопарктер арзан жұмыс күші ретінде шетелдік азаматтарды пайдалануда

АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы кейбір автопарктер арзан жұмыс күші ретінде шетелдік азаматтарды автобус жүргізуші ретінде пайдалануда.

Оны көші-қон полициясы басқармасының бастығы Марат Кезембаев бүгін баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Гастарбайтерлердің көлік жүргізіп жүргені қазір ешкімге құпия емес. Кейбір автопарктер арзан жұмыс күші ретінде Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын автобус жүргізушілігіне қабылдауда. Алдыңғы күні Ұзақов деген өзбекстандық ұсталды. Мас күйінде автобус жүргізген бұл азамат жол көлік оқиғасы фактісі бойынша жүргізушілік куәлігінен айрылды», дейді полиция подполковнигі М. Кезембаев. Оның айтуынша, қазір олар шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны үшін «Алматы-Транс» ЖШС-нің директорына шара қолданылуда.