Алматыдағы кілем төселген автотұрағы бар мейрамхананың иесі - әзілкеш Светлаков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда кілем төселген автотұрағы бар бірегей мейрамхана ашылды. Идея авторы және мейрамхананың қожайыны - танымал ресейлік шоумен әрі актер Сергей Светлаков, деп жазады «Экспресс-К».

Мейрамхананың арт-директоры Евгений Вайгандт басылым редакциясына автотұраққа кілем төсеу идеясын Светлаков ұсынғанын айтқан. Айта кетерлігі, дәл осындай мейрамхана Киевте де бар екен. Екі қалада да мейрамханаға келген қонақтар мұндай жаңашылдыққа таң-тамаша болып жатқан көрінеді.

«Мейрамхана алдына қызыл түсі қанық көлемі 3-те 4 метрді құрайтын шамамен 15 классикалық кілем төселген. Бастапқыда қонақтар мұндай стандарттан тыс тұрақ орнына көліктерін қоюдан қорқақтаған болатын. Олар кілемдерді жуғаннан кейін кептіруге төсеп қойған деп ойлаған екен. Ал бұл әдейі төселгенін білгеннен кейін қуанды. Ал ғаламтордағы пікірлер көңіл қуантарлық емес. Адамдар бұл кілемдерді одан да балалар үйіне садақаға бергеніміз дұрыс деп санайды. Қара пиар - бұл да пиар ғой», - деді Е.Вайгандт.

Оның атап өтуінше, бұл кілемдер жыл бойы мейрамхана алдында төселетін болады. Ал лайсаңды күндері бүлінген кілемдер тыңғылықты тазаланып отырады.