Оның айтуынша, қор Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 93,0 млрд теңге төледі. Шығынның басым бөлігі – 48,6 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмекке, 3,9 млрд теңге күндізгі стационар қызметіне төленді.
Жыл қорытындысы бағасы қымбат болып келетін анализдер, диагностика мен операция түрлерін халықтың сақтандыру есебінен қажетінше пайдаланып жатқанын көрсетті.
«Мысалы, консультативтік-диагностикалық қызметтерге 14,5 млрд теңге төленген. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде, әсіресе КТ/МРТ-ға деген сұраныс жоғары. Бір жылда Алматы қаласында жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалды. Тағы 50 мыңнан астам МРТ қызметіне Қор 681,8 млн теңге бөлді. Сонымен қатар, онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6 мыңнан астам ПЭТ-диагностикаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді» - деді филиал басшысы.
Сақтандыру қаражатына қарқынды түрде көрсетіліп жатқан қызметтің бірі – медициналық реабилитация немесе оңалту қызметі.
Бұған өткен жылы 6,2 млрд теңге бөлінді. Оның 222,4 млн теңгесі постковидтік реабилитацияға жұмсалған.