Ерболат Досаев Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автомобиль шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.
Кәсіпорында ірі торапты және ұсақ торапты құрастыру, шанақты дәнекерлеу, лак-бояу жабынын жағу, интерьерді орнату және құрастыру бойынша өндірістік процесс жолға қойылған.
Былтыр зауыт 26 мың автокөлік өндіріп, ел бюджетіне 9,4 млрд теңге салық аударды. Биыл кәсіпорын толық қуаттылыққа шығып, 45 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.
Қала басшысына автокомпоненттер шығаратын зауыттың жобасы таныстырылды. Жаңа кәсіпорын орындықтарды, автокөліктерге арналған пластикалық бөлшектер мен аксессуарларды, сондай-ақ мультимедиялық жүйелерді шығарады.
Зауыт құрылысы биылғы жылдың күзіне жоспарланған. Компания тағы бір автомобиль зауытын салу және шанақ бөлшектерін штамптау өндірісін іске қосу жоспарлары туралы атты. Кәсіпорын өндірісті локализациялауды арттыруға ниетті.
Айта кетейік, 2017 жылы салынған «Индустриалды» теміржол станциясын составтардың жойылу қаупіне байланысты көліктік бақылау инспекциясы жауып тастаған. Тағы бір нысан – кірме теміржолдар 2018 жылы ақауларымен қабылданды.
Қала басшысы теміржол станциясы мен жолдардың құрылысы тұрғындар үшін тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, олар өндіретін өнімнің өзіндік құнына оң әсер етуі тиіс екенін жетікзді.
Сонымен қатар, ол станция мен кірме жолдарды пайдалануға беру үшін қажетті жұмыстарды аяқтауды, сондай-ақ оларды қабылдаудың ақаулы фактілерін ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін мұқият шешуді тапсырды.
Алматы әкімі сондай-ақ 2018 жылы салынған, бірақ пайдалануға берілмеген нөсер (жаңбыр) кәрізінің жұмыс істемейтін жүйесімен танысты.
Қала басшысы қала әкімдігінің уәкілетті басқармаларына мердігер ұйымның міндеттемелеріне тексеріс жүргізіп, материалдарды құқық қорғау органдарына беруді тапсырды.
«Біз жауапсыз мердігердің мәселесін анықтаймыз, бірақ қазір бізге нөсерлік кәріз жүйесін ретке келтіріп, оны өнеркәсіптік пайдалануға беру маңызды», – деді ол.
Қазіргі уақытта №12 қосалқы станция ғимараты жөндеуді қажет етеді, оның тірек конструкцияларында топырақтың түсуіне байланысты жарықтар пайда болған, бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек.
Ерболат Досаев оларды ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауды тапсырды.
Алматы әкімі өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелерінің, индустриалды аймақтың жұмыс істеп жатқан және әлеуетті резиденттерінің қатысуымен кеңес өткізді. Бүгінде индустриалды аймақта қызмет көрсететін компаниялардың функцияларын бірден екі компания орындайды - бұл «Алматыны индустриалды аймағы» ЖШС және «АИА инфрақұрылым операторы» ЖШС.
«One – stop – shop» принципі бойынша инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін «Алматының индустриалды аймағы» ЖШС атынан бір уәкілетті операторды қалдыруды тапсырамын, өзгеге берілген функциялар мен активтерді компанияға қайтару қажет. Осы нақты жағдайда бір оператор индустриалды аймақты дамыту және қолдау мақсатында жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті Ерболат Досаев.
Кеңес барысында индустриалды аймақтың аумағын кеңейту, бір білім беру кластері базасында кадрлар даярлау, сондай-ақ қала тұрғындарын кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Биыл жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 13 жобаны іске асыру жоспарланған, ал 2025 жылға қарай өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 250 мың шаршы метр болатын тағы 40 өндірістік паркті пайдалануға беру көзделген.