Алматыдағы қонақүйлердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды

АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бұл қылмыстық әрекет Алматының Әуезов ауданындағы қонақүйлердің бірінде таңға қарай орын алған.

Куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа қолында пышағы бар еркек баса-көктеп кіріп, кассада тұрған қыздан барлық ақшаны беруін сұраған. Сонымен қатар бейтаныстың қатты мазасызданып, өзін әрең ұстап тұрғаны байқалған.

«Дәл осы уақытта қонақүйдің дәлізіне жұмыспен келген азамат қылмыскерге қарсы тұруға ұмтылады. Алайда күдікті оған пышақпен ұмтылып, ішкі құрсағының бірнеше жерін жарақаттайды. Бұл уақытта куәгерлердің бірі тәртіп сақшыларына қоңырау шалып үлгереді. Бірнеше минут өткенде бұл жерде «Боран» шолғыншылары келіп қылмыскерді қарусыздандырып құрықтаған», - дейді Әуезов аудандық ІІБ-ның бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

Бұл уақытта жарақат алған жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқан. Дәрігерлер оған пышық жарақатынан ішкі құрылысы бүлінген деген диагнозбен қаладағы аурухананың біріне жатқызады.

"Дәрігерлер қанша күш салғанымен 31 жастағы жігітті аман алып қала алмадық, ол сол күні кешке есін жимастан қайтыс болды. ІІБ-да адам өлімі мен қарақшылық шабуыл оқиғасы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге айып тағылды. Тергеу жұмыстары оның басқыншылық мінезін анықтау үшін медициналық мекемелерге сұрау салып, күдіктінің психологиялық ауытқушылығы жоқ екендігін және бұрын да тіркелмегендігін анықтады. Сонымен қатар медициналық сараптама оның қылмысқа барған кезінде ешқандай алкогольді сусынды қолданбағандығын айғақтады", - деп атап өтті Н.Алмасбеков.

Алайда ұсталушының қылмыстық іс бойынша бірнеше ісі бар екендігі белгілі болған. Соңғы рет ол қылмыстық жауапқа қарақшылық топтық шабуыл бойынша тартылыпты. Алматыға Қарағандыдан келген бұл жігіт жазасын енді темір тордың арғы жағында өтейтін болады.