Алматыдағы Қыздар университеті 2013 жылдың үздік аруын анықтайды
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Университет аруы» байқауының мақсаты - ақылына көркі сай аруларды елімізге насихаттау арқылы Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясында атап өтілгендей, бүгінгі тәрбиелі қазақ қызының келбетін қалыптастыру. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу болып табылады.
«Қыздар университеті» медиа орталығының қызметкері Нәзира Жұмақұлованың айтуынша, бұл байқауға оқу орнының әрбір факультетінен бір үміткерден қатысады. Олар 5 кезеңнен тұратын сайыста бақ сынайды: өзін таныстыру; өнерін көрсету арқылы сахналық образ жасау; сұрақтарға жауап беру; аспаздық өнерін және сән үлгілерін көрсету.
Байқауға «Әдемі-Ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлегенқызы, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Тоқашбаев, әнші Баян Нұрмышова мен Ерлан Орынбасаров, «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Ілиястың рөлін сомдаған жас актер Артур Төлепов пен тележүргізушісі Сабыр Байзақов төрелік ететін болады.