Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 5 айында МӘМС жүйесіне түсімдер 398,4 млрд теңгені құрады.
«Түсімдердің негізгі үлесін 15 жеңілдік санаты үшін мемлекеттің жарналары құрайды – 42%-дан астам, жұмыс берушілердің аударымдары – 34,7%-дан астам, экономикалық белсенді халықтың жарналары – 22,6%», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Спикер МӘМС-тің енгізілуімен тұрғындар үшін консультациялық-диагностикалық көмектің қолжетімділігі артқанын атап өтті.
Ол сондай-ақ медицина ұйымдары тарапынан құқық бұзылған жағдайда кез келген қала тұрғыны пайдалана алатын кері байланыс арналарын атады.
«Атап айтқанда, Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы және ресми сайт fms.kz. барлық өтініштер міндетті түрде қарастырылады», - деді ол.
Алматы қаласы МӘМС қоры директорының мәліметінше, қор 2017 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыруға қаражат жинап келеді.
2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, сондай-ақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы болып табылады.
Айта кетейік, бүгінгі күні МӘМС-ке өңірлер бойынша ең көп кірістер Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.