Алматыдағы метро «Алтын Орда» базарына дейін созылады – станциялар саны қанша

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы тұрғындары метро желісін «Алтын Орда» базарына дейін ұзарту туралы мәліметті түсіндіріп беруді сұрап, ҚазАқпарат агенттігіне жүгінді.

«Алтын Орда» базарының маңында тұратын тұрғындарды метро желісі нақты қай жермен өтетіні қызықтырады.

«Алтын Орда базарының маңында тұратын тұрғындарды метро қай жерден шығатыны қызықтырады. Біз осы ауданда тұратындықтан, кез келген өзгерістерге бей-жай қарай алмаймыз. Қазірдің өзінде базар аумағында бос жердің аз екеніне назар аударсақ, метро желісі қай жерден өтетінін білгім келеді. Өйткені, төменгі бөліктің аумағында жеке үйлер бар. Бос учаскелер тек Райымбек тасжолының бойында ғана бар», - деп сұрады алматылық Тимур Гимадиев.

Бізге Алматы қаласының Мобильділік басқармасынан хабарлағанындай, батыс бағыттағы жолды Абай даңғылы бойымен одан әрі Алатау даңғылының бойымен Райымбек даңғылына дейін ұзарту алдын ала қарастырылған.

«Метроның үшінші кешен желісін іске қосу түзетілген бағытқа сәйкес Қалқаман станциясын Абай даңғылының бойымен солтүстік жағынан, Әшімов көшесімен қиылыста орналастыру қарастырылған.

Бірінші бекет Алатау көшесінің бойында Наурызбай әкімдігінен солтүстікке қарай орналасады деп жоспарлануда. Екінші станция Алатау көшесінің бойымен Төле би көшесінің қиылысында орналасқан. Үшінші станция «Барлық» базарының аумағында, Райымбек даңғылының оңтүстік жағында, жол бойында орналасқан», - деп хабарлады ведомстводан.

Болашақ станциялардың нақты орналасуы, сондай-ақ сатып алынатын жер телімдерінің саны барлау жұмыстары аяқталып, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгеннен кейін анықталады.

Сондай-ақ, қалалық Мобильділік басқармасы жолдың бағытын өзгертуге байланысты «Западный» автовокзалының жобасы өз мақсатын жоғалтқанын атап өтті.

Бұған дейін Алматы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов қалада салынып жатқан метроның бағытына түзету енгізілгенін айтқан болатын.