Алматыдағы ОАААҮО кеңсесіне БҰҰ Бас хатшысының орынбасары келеді

АЛМАТЫ. 27 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыдағы есірткі, психотропты заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіруші орталыққа (ОАААҮО) 29 қараша күні БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқарманың (UNODC) Атқарушы директоры Юрий Федотов келеді.

ОАААҮО 2007 жылы UNODC қолдауымен құрылған болатын. Ұйымның негізгі мақсаты заңсыз есірткі айналымымен күрес бойынша ұлттық және аумақтық дәрежедегі құқық қорғаушылар арасындағы ведомствоаралық әріптестікті күшейтуге бағытталған.

Жыл сайын Ауғанстаннан әлемдік нарыққа Орталық Азия арқылы 95 тонна героин жеткізіледі. Оның тек 5 % ғана сол аумақта ұсталады. Ал 7 тоннасы Орталық Азияның өзінде қолданылады.

Аталмыш орталық сол есірткі тасымалы жүретін елдердің құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған жұмыстардың бір бөлімі болып табылады. Орталық аймақтың 5 мемлекеті: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің әріптестігіне қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, Ресей және Әзірбайжанмен де бірлесе қызмет атқарады. Соның арқасында, Интерпол, Еуропол, Дүниежүзілік кеден ұйымы, SECI орталығы және басқа да халықаралық ұйымдардан тысқары елдердің шұғыл әріптестігінің нығаюында маңызды рөл атқарады.

Орталық шұғыл және басқа да ақпараттарды сараптау мен алмасуларға қабілетті. Сонымен бірге, заңсыз есірткі айналымына жол бермейтін әр түрлі құқық қорғау және арнайы органдар үйлестірулеріне қолдау көрсетіп отырады.

Ю.Федотовтың ОАААҮО-на келуі оның Орталық және Батыс Азияға іссапарының бір бөлігі болып табылады. Бұл сапарда ол Пәкістан, Ауғанстан және Тәжікстан елдерінің әр түрлі мемлекеттік ведомство жетекшілерімен кездеседі. Кездесуде есірткінің заңсыз айналымымен күресуде аталған орталық шешуші рөл ойнай алатын негізгі мәселелері талқыланады деп жоспарланған.