Алматыдағы оркестрлер шеруінде кеңестік кезеңнің әндері шырқалды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ашық аспан астында өткен оркестрлер шеруінде кеңестік кезеңнің әндері шырқалды. Мәдени шара дәстүрлі түрде Алматы күніне орай өтетін мерекелер циклін бастады.

Оркестрлер шеруін Александр Беляковтің жетекшілігімен Алматы эстрадалық-симфониялық оркестрі ашты. Республика сарайының алдында кеңестік кезеңдегі атақты хитқа айналған Юрий Антоновтың, Алла Пугачеваның, «Самоцветы», «Веселые ребята» тобының композициялары шырқалды.

Сахнада Жанна Орынбасарова, Алексей Тимофеев, Диана Макина сынды әртістер өнер көрсетті.

6 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан фестиваль мәдени астана қонақтары мен тұрғындарының көңілінен шығып келеді. Жыл сайын оған 10 мыңнан астам адам қатысады.

Оркестр музыкасының фестивалі 26-27 тамызда да жалғасады.