Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағат М.Шоқайдың тың құжаттарымен толықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
20-ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси оқиғаларға байланысты шетелге кетуге мәжбүр болған түркі халықтарына ортақ ірі саяси қайраткердің шығармашылық мұрасы эмиграцияда болған елдерінде Франция, Германия, Грузия, Әзірбайжан, Түркия және тағы басқа елдерде қалса, бір бөлігі жойылып кеткен. М.Шоқайдың көпке белгісіз жеке қолжазабларының бір бөлігін жақында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Түркия елінен тапқан. Құжаттарды көптеген жыл бойы сақтап келген Түркия елінің азаматы қолжазбаларды тек сенімді қолға тапсыруды ұйғарыпты.
«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов биыл желтоқсан айының соңында түркі халықтарының ірі көсемдерінің бірі, эмиграцияда жүріп ұлт болашағы үшін коммунистік жүйемен күрескен ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл толатындығын және бүгінгі шараны қазақтың хаһарман қайраткерінің мерейтойына арнайтындығын айтып өтті.
Бірнеше ай бұрын менің қабылдауымда Дүниежүзілік қырым татарлары ұлттық қозғалысы ұйымының Түркиядағы өкілі Мұзаффер Акчора есімді азамат келіп, қолында М.Шоқайдың құжаттары бар екенін хабарлады. Кезінде бұл мұраны аманат етіп кеткен адамдардың өсиетіне сәйкес, қолжазбалардың тек сенімді қолға тапсырылу керек екенін айтып, соңғы кезде түркі мәдениетін дамытып, олардың бірлігін нығайтуға қатысты ірі жобаларды іске асырған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының басқарушысы, әрі қазақ азаматы ретінде маған сенім артатынын білдірді. Мен қолжазбаларды сараптамадан өткізген соң аса құнды мұраны ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатына тапсыруды ұсындым», дейді Д. Қасейінов.