Алматыдағы перзентханадан бала ұрлаған адам ұсталды

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - 20 қараша, сенбі күні Алматыдағы №1 перзентханадан ұрланған бала табылды. Оны ұрлаған 25 жастағы әйел Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны болып шықты. Ол бүгін таңертең сағат 3-те ұсталып, қамауға алынды. Бала ұрлаған әйел 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Әйел перзентханаға оңай кіріп, үй халатын киіп, дәрігерлердің ауысатын уақытында, баланы ұрлап кеткен. Бұған дейін, ол 2007 жылы осы жерде босанғандықтан барлық кіріп-шығу жолдарын, дәрігерлердің жұмыс уақытын да білген. Ұсталған әйелдің айтуынша, ол баланы өзі асырап алу үшін ұрлаған.

"9 ай бойы күйеуімді аяғым ауыр деп алдадым, бұл шараға отбасын сақтау үшін бардым", деген ол жауап алу барысында. Әйелдің айтуынша, ол бала ұрлауды алдын ала жоспарлаған. Бұл әңгіменің қаншалықты шындық екендігін алдағы тексеру жұмыстары көрсететін болады",-деді Алматы қаласы ІІД-нің криминалды полиция басқарамасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.

Оның айтуынша, сол күні дабыл бойынша Алматы полициясының барлық құрамы аяғынан тік тұрғызылған. "Оқиға кішкентай сәбиге байланысты болғандықтан, бала өміріне әр минутта қауіп төніп тұрды. Алматы қаласы ІІД-нің басшылы генерал-майор Ерлан Тұрғымбаевтың жетекшілігімен 12 арнайы тексеру тобы құрылды. Құрамға ең тәжірибелі полиция қызметкерлері тартылды. Бұл кең ауқымды іздеу жұмыстарын еліміздің ішкі істер министрі өз бақылауына алды",- деді Амангелді Шідеркулов.