Бұл туралы бүгін Алматы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Соңғы тәуліктерде, яғни 23-26 шілде аралығында Алатау ауданында 5000 текше метр, Әуезов ауданында 1000 текше метр, ал Наурызбай ауданында 12 690 текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар мен лай және тас үйінділері шығарылды. Сонымен қатар, Қарағайлы өзені арнасының 1,5 шақырым жері тазартылды. Ал сел тасқыны салдарынан өзеннің 7 шақырым жері бұзылған болатын», - делінген мәлімдемеде.
Соңғы екі тәулік ішінде гуманитарлық көмек аясында 53 тоннадан астам ауыз су, 3700 - қап, 1170 - күрек, 600 - жұп қолғап, 857 - резеңке етік жеткізілді. 5000-нан астам адам ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстарына аумақтық мемлекеттік органдардың, ТЖ бойынша комитеттің, Алматы қ. ІІД бөлімшелері, «Алматы қаласының құтқару қызметі» кәсіпорыны, ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясы, ҚР ҚМ Алматы гарнизонының әскери бөлімшелері, Азаматтық қорғаныс қызметі және еріктілер тартылған.
Барлығы 1758 адам мен 352 техника жұмылдырылып отыр.
Сел тасқыны барысында 1036 адам эвакуацияланды. Олардың ішінде 51 бала бар. 484 адам қонақ үйлерге жайғастырылды. Сел тасқынынан 101 адам құтқарылды. Олардың ішінде 24 бала бар. 120 адамға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Алдын ала деректер бойынша, 456 үй зақымданды. Олардың ішінде 9 үй қираған. 44 көше мен 32 автокөлік лай көшкінінің астында қалды.
Қазіргі таңда Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы мен Наурызбай ауданы әкімдігіне көмек сұрап 700-ден астам жүгінді.
Әзірге оқиға орнында үш комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар: ТЖ салдарын жою, ТЖ салдарын анықтау және тұрғын үйлердің жарамдылығына баға беру комиссиялары.