Алматыдағы семинар-кеңесте мемлекеттік қызметтің жаңа моделдері талқыланды (ФОТО)
Бұл туралы бүгін Алматыда «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделдері» атты семинар-кеңесте ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Бақтияр Камалов мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заңға сәйкес, «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді және мемлекеттік қызметке алғаш кірген тұлғалардың барлығы бірдей өздерінің қызметтерін төменгі лауазымнан бастайды.
«Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі - мемлекеттік басқару салаларында қызмет атқарушылар қатарына халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқаратын жоғары білікті мамандар тартуға мүмкіндік беретін меритократия қағидасына негізделеді. Ал бұл, қоғамда сыбайлас жемқорлықты болдырмауға, халықтың құқықтық мәдениетін, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыда реттеуге мүмкіндік береді», - деді Б. Камалов.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің жаңа «Әдеп кодексі» қабылданғандығын, сондай-ақ, Әдеп бойынша уәкілетті өкілдердің жаңа институты құрылғандығын жеткізді.
«Әдеп бойынша уәкілетті өкілдер - заңнамаларды бұзу профилактикасын, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырып, өз міндеттері аясында мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес берумен айналысатын болады», - деді Б. Камалов.
Айта кетелік, жаңа заңнамаларға сәйкес, елімізде Тәртіптік кеңес институты таратылып, оның орнына Әдеп бойынша кеңес институты енгізілді. Ол мемлекеттік тәртіптің нығаюын, мемлекеттік қызмет туралы заңнамалардың, қызметтік әдептің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың лауазымды тұлғалармен мүлтіксіз сақталуын жүзеге асыратын болады.
Қазіргі таңда Департамент тарапынан жаңа қабылданған заңдарды жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда, Үкіметтік емес ұйымдарда, білім, денсаулық сақтау және өндірістік мекемелерде құқықтық насихаттау мен жекелей талқылауға бағытталған іс-шаралар кеңінен өткізіліп жатыр.