«Біздің халық - «экология» деген сөзді естімей өскен ұрпақ. Кеңестік дәуірде «Адамзат табиғаттан рахым күтіп отыра алмайды, одан керектіні жеңіп алуымыз керек» деген ұран болды. Өкінішке қарай, ғылым мен техниканың жетістіктері жаратылыстың тепе-теңдік заңдарын бұзды. Орманды алқаптар азайып, шөлейтті аймақтар көбейді. Жануарлар азайып кетті. Қазір биологиялық әртүрлілікті сақтап қалу мәселесі жеке ғалымдардың ғана емес, бүкіл адамзат баласының айналысатын мәселесіне айналып отыр. Бүгінгі семинар соның бір айқын көрінісі», - деді өз сөзінде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Роза Кәрібжанова.
«Экология және Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлары» атты тақырыпта өтіп жатқан семинарда экология мен сирек кездесетін және құрып кету алдында тұрған жануарларды сақтап қалу мәселелері талқылануда.
Семинарға жетекші ғалымдар, биология ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, Алматыдағы зоология институтының өкілдері, музей қызметкерлері қатысуда.