Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Әлем Кубогының жазғы кезеңіне 13 елден 70-тен астам спортшы қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда үстіміздегі жылдың 12-13-ші қыркүйегі аралығында Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Әлем Кубогының FIS Grand Prix атты жазғы кезеңі өтеді.

Оған 13 елден 70-тен астам спортшы қатысады. Бұл туралы бүгін болған баспасөз мәслихатында жария етілді.

«Бұл жарыс 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қарсаңындағы тестілік турнир болып табылады. Яғни, барлық спорт нысандарын сынақтан өткізіп алуымыз керек. Болашақта тағы да осындай тоғыз спорттық шара өткіземіз. Олар FISU деңгейінде бекітілген. Ал бұл жарысқа барлығы 127 волонтер тартылды», - деді өз сөзінде «Алматы қ. Халықаралық спорт жобалары дирекциясы» Мемлекеттік қорының жетекшісі Илья Оразақов.

ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша федерациясының президенті Андрей Варвейкиннің айтуынша, жазғы кезеңге келген спортшылар өте көп.

«Биыл тұңғыш рет Алматыда өтетін кезеңге Австрия құрама командасы қатысады. Бұл, бәсеке деңгейінің жоғары екендігін білдіреді. Жалпы, жарысқа 10 ерлер, 10 әйелдер командасы қатысады. Барлығы 13 елден 75 спортшы келіп отыр. Қазақстанның атынан үш спортшы қатысады. Біз үздк отыздыққа енеміз деген үміттеміз», - деді А. Варвейкин.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс аясында үзіліс кездерінде көрермендер арасында әр түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Бұдан өзге, отандық эстрада жұлдыздарының концерті болады деп күтілуде.

Ертең, күндізгі сағат 13:00-де турнирдің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтеді.

Турнирдің басты ұйымдастырушылары - Халықаралық шаңғы спорты федерациясы, Қазақстанның шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы федерациясы және «Алматы қаласының халықаралық спорт жобалары дирекциясы» Мемлекеттік қоры.