Алматыдағы Шевченко көшесінде жаңа тосқауылдар пайда болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда веложолақтарды қоршау бойынша Еуропа қалаларының тәжірибесі қолданылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір бағытты Шевченко көшесінің шетіндегі велосипед жолағын қоршау үшін жаңа арнайы шектегіштер қойылды. Олар жарықты қайтаратын элементтермен жабдықталған. Жаңа шектегіштер жүргізушілердің жол белгілерінің талаптарын орындауына көмектеседі.

Тосқауылдар қиылыстардың маңына қойылды, өйткені осы жерлерде жол ережесін бұзу фактілері жиі тіркеледі.

Тамыз айында тәртіп сақшылары Шевченко көшесінде рейд өткізген болатын. 14 тамыздың өзінде-ақ 15:00-ден 00:00-ге шейін бес «Боран» экипажы жол ережесін бұзудың 47 дерегін анықтады.

Тәртіп бұзудың ең көп түрі - көлік құралдарының тоқтау немесе тоқтап тұру ережесінің бұзылуы (21) және жол белгілерінің немесе жол сызықтарының талаптарын орындамау (24) екендігі анықталды.

Бір төсемдегі автожол мен велосипед жолағын бөлу үшін қолданылатын тосқауылдар Еуропаның ірі қалаларында, атап айтқанда, Барселонада кең тараған.