Қазақстан боксшыларының жеңістері 12 мың орындық спорт кешенін шабыттандырып жіберді. Осы сәтте рингте салмақ өлшеу рәсімінде 99 келіні көрсеткен отандасымыз Руслан Мырсатаев пен ганалық Нуху Азумимен (103 келі) шықты. Оларға 6 раунд беріліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетейік, бүгін Алматыда Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе-жегіне орай ауқымды спорт кеші өтіп жатыр.
Онда отандық боксшымыз Қанат Ислам шаршы алаңда ганалық Патрик Аллотеймен кездесіп, WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін күш сынасатын болады.
Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.
Патрик Аллотей осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.