Бұл туралы бүгін бас тазалау қондырғысындағы жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілген 20 мың текше метрлік су торабындағы жұмыс үрдісімен танысу рәсімінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл жерде Алматы көлінен алынған суды тәуліктік жинақтайтын екі су торабы бар. Бұл кешендердің түбі мен жақтаулары бетон тақталармен жасалғандықтан онда судың 10 пайызы жер астына сіңіп кететін. 30 жылдай бұрын жасалған онда бұған дейін күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген болатын. Біз биыл алдымен 20 мың текше метрлік кешенге жөндеу жасап, оны отандық өндірушілер шығарған геомембрандық үлдірмен қаптап шықтық. Сынақ сәтті өтіп, су жіберген кезде онда деңгей төмендеген жоқ", дейді "Алматы су холдингінің" еншілес "Бастау" МКК директоры Жанат Нұрғазин. Ал холдингтің тағы бір еншілес "Су желісі" МКК-ның директоры Дмитрий Богдановтың айтуынша, алғашқы су жинақтау торабын жөндеуге 43 миллион теңге жұмсалған. Енді алдағы уақытта 47 мың текше метрлік екінші торабқа да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның жобалық сметасы 56 миллион теңгені құрап отыр.