«Алматыдағы тәртіп қалпына келтірілді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 шілде, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан»басылымы.

Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.

Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккен­дер­дің отбасыларына көңіл айтты және олар­ға мемлекеттік органдардың бар­лық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды.

- Мен қаза тапқан полицей­лердің отбасыларына көңіл айта отырып, оларға көмек беру үшін тиісті жергілікті органдарға заң аясында барлық шараны қолға алуды тапсырамын. Алда қандай іс-әрекетті қолға алатынымыз­ды жоспарлау үшін маған оқиға барысын баяндап берсеңіздер деймін. Ішкі істер министрі Қал­мұханбет Қасымов пен Ұлттық қауіп­­сіздік комитетінің төрағасын тыңдағым келіп отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Толығырақ, «Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті» атты мақаладан оқуға болады.

***

Сонымен қатар кеше, 18 шілде күні Алматыдағы оқиғаға қатысты «Айқын» басылымы да «Алматыдағы тәртіп қалпына келтірілді» атты мақала жариялады.

 

***

Ел Үкіметі қойған міндетке сәйкес Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүргізген арнайы зерттеу көрсеткеніндей, егер қазіргі үрдіс өзгермесе, 2050 жылға қарай Қазақстандағы халықтың 55 пайызы оңтүстікте өмір сүруі мүмкін.

Бұл ретте оңтүстік облыстар тұрғындарының саны осы кезге қарай 5 миллионға көбейеді, ал солтүстік өңірлерде (елорданы қоспағанда), керісінше, тұрғындар саны 1 миллионға кемуі ықтимал. Бұл туралы «Айқын» газеті xабарлауда.

«Сондықтан, мемлекет қазақстандықтарды еліміздің солтүстігі мен батысына ерікті түрде қоныстандыру саясатын қолға алуда. Ол туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова түсініктеме берді.Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімдігі мысалы, сол өңірдің ау­дан-қала­ларында солтүстік Қа­зақ­станға шақыру мәселесі бойынша жұ­мыс жүргізуде. Егер оңтүстік өңір­лер тұрғындары «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында мем­ле­кет белгілеген өңірлерге көшіп бар­­са, біріншіден, көтермелеу субси­дия­сы бе­ріледі. Екіншіден, үй алуға кө­мек бері­леді, ауыл-ауданда өз биз­несін ашуы үшін микрокредиттер ұсы­нылады, немесе оқып, кәсіп мең­герем десе, оның барлы­ғы­на бағ­дар­лама аясында жағдай жаса­ла­ды. Егер де азамат өз бетімен баспана са­тып алса, ол бәрібір бұл құқық­тар­дан айы­рылмайды, мемлекеттік қол­дау алуға толық құқылы деп сен­дір­ді министр Т.Дүйсенова», - дейді басылым. Толығырақ, «Ұлы көшке ілескендер қолдау көреді» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Ана тілі» басылымы алты Алаштың ардағы Жаһанша Досмұхамедұлы туралы деректі мақала арнап отыр.

«Жаһаншаһ (тарихи құжаттар мен әдебиеттерде Жаһанша, Джанша, Жаханша, Джиханша, Жанша делініп, әртүрлі әліптелінген) - азан шақырып қойған есімі. Ел ішінде жақын-жуық, туыстары еркелетіп Жанша атап кеткен. Ол 1887 жылы Орал облысы Жымпиты ауданына қарасты Қарақұдық бөлімшесінің №3 ауылында малшылықпен күнін көрген Досмұхамед отбасында дүниеге келді. Жанша Досмұхамедұлының арғы тегі он екі ата байұлы ішіндегі тана руының қарақұнан тармағынан. Көзкөргендердің бізге жеткен дерегінше, Жаншаны әкесі Бұлдырты болысы, Ілбішін уезіне қарасты ауылдық көшпелі орыс-қазақ мектебіне береді. Тумысынан білуге құштар Жанша қатарынан үнемі озықтығымен көзге түседі», - делінген «Ұлтының ардақты ұлы еді» атты мақалада.

***

Оралда перзентxанадан нәресте ұрлығына қатысты болливудтық сюжетке ұқсас детективті оқиға желісі одан әрі ушыға түсті, деп жазады «Экспресс К» басылымы.

«Нәрестенің қайда екені осы күнге дейін табылмай отыр, полицейлер тіпті бала дүниеге келгеніне күмәндана бастаған. 18 жастағы ана Любовь Баткаева әбден торығып, не істерін білмей жүр. Оның анасы Наталья Дреманова шақалақты табу үшін БАҚ-қа жүгініп, көмек сұраған. Осыдан соң, қоғам да алаңдаушылық білдіре бастады. Любовь Баткаеваның айтуынша, оның ұлын баланың әкесі Дмитрий Алиев ұрлап отыр. Істі өзінің жеке бақылауына алған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов жұмбақ оқиғаның мән-жәйын анықтауға уәде етті», - делінген «А был ли мальчик?» атты материалда.