Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында табиғаттың тылсым құбылысы орын алды - фейк

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Желіде Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында түсірілген бейнеролик тарады. Онда қазан айының жылы күнінде ағаштардың бір бөлігіне мұз қатқаны көрсетілген. Желі қолданушылары мұны ерекше тылсым жағдай деп есептеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Табиғаттың ерекше құбылысы жайында Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі түсінік берді.

«Саябақтың қызмет көрсету ұйымының мәліметі бойынша, түнде суару жүйесі бұзылып, ағаштарға су шашыраған. Таңертең ауа райына байланысты ағаштарға мұз қатқан. Қазіргі кезде суару жүйесі қалпына келтірілді», – деп мәлімдеді әкімдіктен.

Демек, видеода ерекше тылсым жағдай көрсетілмеген. Мұның себебі – суару жүйесінің бұзылуына байланысты ағаштарға шашыраған су.



Фото: images.unian.net