Алматыдағы туристік орындарда сенбілік өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 8 қазанда Мемлекет басшысы жариялаған «Қоқыссыз таза табиғат» жалпыұлттық акциясы аясында жаппай экологиялық сенбілік өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, акция Үлкен және Кіші Алматы шатқалындағы танымал туристік орындарда, яғни, Бутаковка шатқалы – орманшы үйінен «Бутаковка» төменгі сарқырамасына дейін; Ақбұлақ – Көк Жайлау – «Ақбұлақ» аялдамасынан Көк Жайлау үстіртіне дейін; Казачка шатқалы – Казачкадағы жабық шлагбаумнан Көк Жайлау үстіртіне дейін; Қимасар шатқалы – қараусыз қалған үйден Қимасар шатқалындағы кемпинг аймағына дейін; Өтпелі шатқалы – тас аялдамадан «Қыздың көз жасы» сарқырамасына дейінгі аралықтарда өтеді.

«Акция табиғатқа саналы, ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған. Бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер және қала еріктілері қосылады деп күтілуде. Барлық қатысушыларға қажетті заттар мен ланч-бокстар беріледі, қаладан трансферттер ұйымдастырылады. 8 қазан күні сағат 7:45-8:00 арнайы автобустар қатынайды»,- делінеді әкімдіктің хабарламасында.

Сенбілікке көліктер Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Қазақстан» қонақ үйі қасындағы автотұрақ, Тұңғыш Президент Саябағынан алып кетеді.