Алматыдағы үлкен айналма жолдың құрылысы 2015 жылдың ортасында басталады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов Алматыға сапары барысында Алматы үлкен айналма автожолы (Алматы үлкен айналма автомобиль жолы) құрылысы жобасымен және қайта жөндеуден өтіп жатқан "Алматы-Қапшағай" тас жолының қазіргі ахуалымен танысты.

Министрге үлкен айналма жолының құрылыс жобасы туралы баяндама жасалды.

Ұзындығы 66 шақырым болатын айналма жолдың құрылысы 2015 жылдың ортасында басталады. Алдын ала болжам бойынша жолдың өткізу қабілеттілігі сағатына 150 шақырым жылдамдықпен тәулігіне 38 мың көлікті құрайды. Жолда 8 жолайырығы, 19 көпір, 19 эстакада салу қарастырылған.

Жобаға қаржы құятын инвесторлар келер жылдың ортасында анықталады. "Алматы үлкен айналма автожолы концессиялық жоба болады. Заңға сәйкес, енді халықаралық концессиялық байқау жарияланады. Қазір аталған жобаға инвестор болуға Еуропалық даму банкі, Бүкіләлемдік банк, әлемнің үлкен инвестициялық компаниялары ниет білдіруде. Концессиялық жоба 25-28 жылдан кейін өзін-өзі ақтай бастайды",- деді ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Алматы облыстық әкімдігі жекеменшіктен жерді сатып алу бойынша 10 млрд. теңге жұмсады. Ал жоба құны 130 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржы жеке инвесторлардан түспек.

Соңғы жаңалықтар