Баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде Денсаулық сақтау министрлігі госпитальдың корпустарын тиісті қалпына келтіру шаралары жүргізетіні және алаңдауға еш негіз жоқ екендігі туралы айтылды. «Айта кету қажет, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті 2010 жылғы тамыздың 12-сінде корпустарды босату, пациенттерді көшіру және объектінің аумағына кіру мүмкіндігін шектеу туралы хат жолдаған. Алматы қаласы әкімдігінің «СейсмоҚұрылысҚорғау» МКК күшімен госпиталь корпустарының жағдайын толық техникалық зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 7 блокты бұзу, қалған блоктарды күрделі жөндеуден өткізу және сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар госпиталь аумағынан су бұрғыштың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету шаралар кешенін өткізу керек», делінген таратылған хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі госпитальдың жоғарғы корпусының (Алматы қаласы, Ладушкин көшесі, 120 а мекен-жайы бойынша) базасы негізінде жаңа қазіргі заманға сай 240 төсек-орындық емдеу корпусын салу және құрылыс кезінде госпитальдың 90 төсек-орнын Алматы және Астана қалаларындағы медициналық ұйымдарға (терапевтік бейінді 40 төсек-орнын Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына, хирургиялық бейінді 10 төсек- орнын Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығына, урологиялық бейінді 10 төсек-орнын Урология ғылыми орталығына, терапевтік бейінді 20 төсек-орнын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпитальға және хирургиялық бейінді 10 төсек-орнын Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығына) көшіру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар госпиталь қызметкерлерін жұмысқа орналастыру мәселелері шешілетін болады.