Алматыдағы Универсиада ойындары жабық деп жарияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылу салтанатында Халықаралық студенттер спорты федерациясының басшысы Олег Матыцин Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған халықты көрмегендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Қайырлы кеш Алматы! FISU халықаралық студенттер спорты федерациясының атынан қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа ризашылығымды білдіргім келеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке және спорт сүйер қауымға алғысым шексіз. Спортшылар мен еріктілерге қолдау танытқандарыңыз үшін рахмет деймін. Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған осыншама көрерменді көрмегенмін. Бұл, әрине сіздердің спортқа деген ынта-жігерлеріңіздің жоғары екендігінің айқын дәлелі. Үлкен рахмет!», - деді ол жабылу салтанатында.

Сондай-ақ, ол спортшылар мен ұйымдастырушылардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғары екендігін тілге тиек етті.

«Спортшылар мен ұйымдастырушылардың бәсекеге қабілеттілігі қысқы Универсиаданың мәртебесін жоғарылатты, Алматы мен Қазақстанға өз пайдасын берді. Менің ойымша, бұл ойында ешкім жеңілген жоқ. Алматыда өткен қысқы Универсиада-2017 баршамыздың үлкен тәжірибе жинақтауымызға мүмкіндік берді. Бұл жерде қаншама дос таптық. Ендеше, барлықтарыңызды айтулы доданың жабылу салтанатымен құттықтаймын. Сіздерді 2019 жылы Красноярскіде өтетін қысқы Универсиадада асыға күтемін. 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы ресми түрде жабық деп жариялаймын!», - деп түйіндеді өз сөзін Олег Матыцин.

Айта кетейік, бүгін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылу салтанаты өтіп жатыр.