Алматыдағы үйірмелер мен секциялардың ақшасын төлеуге қала әкімдігі көмектеседі

АЛМАТЫ. Қазақпарат- Алматыда балалар мен жасөспірімдерге арналған 100 орталық жұмыс істейді. Үйірмелер мен секциялардың ақшасын төлеуге қала әкімдігі көмектеседі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында мегаполис әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, алматылық оқушылардың ата-аналары балалардың бос уақыты туралы алаңдамайды, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен тегін секциялар мен мектептен тыс үйірмелер ұйымдастыру бойынша жағдай жасалған.
«Алматы әкімдігінің бұл мәселедегі ұстанымы – бір мағыналы: балалардың дұрыс дамуы – біз үшін басымдық. Керісінше, біз жабылмаймыз, ескі футбол алаңдарын жаңғыртып, жаңа заманауи спорт кешендерін саламыз»,– деді Ержан Бабақұмаров.
Ол балаларды спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға тарту үшін өткен жылдан бастап Алматыда мектеп жанындағы спорт аймақтарының инфрақұрылымын дамыту жүргізіліп жатқанын айтты.
Білім беру мекемелері жанындағы спорттық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл барлығы 61 мектеп жанындағы спорт нысандарын жаңғырту жоспарлануда, онда 73 футбол, 63 волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ воркаут-аймақтар мен жүгіру жолдары бар.
Бұл алаңдардың ашылуы жас ұрпақты салауатты өмір салтына тартуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Кәсіби мамандармен жаттығуға болады, балалар үшін бұл үлкен ынталандыру.
Сонымен қатар Алматыда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 8 спорт алаңы қалпына келтіріліп жатыр. 4 стадион бойынша жұмыстар аяқталды, қалған мектептер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
8 жоба бойынша инвестиция сомасы 400 млн теңгеден асады. Барлық құрылып жатқан инфрақұрылым мемлекет меншігінде екенін атап өту қажет. Ел Президентінің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын іске асыру жалғасатын болады.
Балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды кеңейту үшін жан басына қаржыландыру тетігі белсенді қолданылады. Алматыда 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін секцияларға мемлекеттік спорттық Тапсырыс спорттың 71 түрі бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінде 24 мың өтініш берушіге ваучерлер тапсырылды, 18630 бала спорттың 26 түрі бойынша оқуға кірісті. Ең танымал секциялардың қатарына футбол, таеквондо, каратэ, жүзу, дзюдо кіреді.
Спорттық мекемелермен қатар қалада 100 орталық жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адамды қамтитын 36 спорт секциялары мен үйірмелері тегін негізде қол жетімді. 2023 жылға қарай орталықтар санын 200-ге дейін, ал ағымдағы жылы қосымша 50 орталыққа ұлғайту жоспарда.