Оның салтанатты ашылу рәсімі 14 қаңтар күні М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 16:00-де басталады. Олимпиаданың жабылу рәсімі де 18 қаңтар күні сағат 16:00-де осы театрда өтеді.
Жәутіков олимпиадасына әлемнің 18 мемлекетінен, Армения, Грузия, Индонезия, Моңғолия, Ресей, Әзербайжан, Болгария, Косово, Қырғызстан, Румыния, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Сербия, Украина және тұңғыш рет Түркия мен Чехия елдерінен құрамында 278 оқушы бар 44 команда қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлерінен, Алматы мен Астана қалаларынан, О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты мен Назарбаев зияткерлік мектептерінен 138 оқушы қатысады. Барлығы 416 оқушы бақтарын сынайтын болады.
Халықаралық қазылар алқасының құрамында Қазақстан, Ресей, Болгария, Әзербайжан, Армения, Грузия, Беларусь, Украина және Өзбекстан секілді елдердің ғалымдары болады. Қазылар алқасының төрағасы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалымқайыр Мұтанов.
Алматы қаласы атынан Халықаралық Жәутіков олимпиадасы туралы ережеге сәйкес үш команда қатысады. Қалалық іріктеу турларының қорытындысы бойынша бұл құрама командалар физика-математикалық бағыттағы № 39, 90, 134, 165, 173, 178-ші мектептерінен және Қазақ-Түрік лицейі жеңімпаздарынан құралады.
Олимпиаданы ұйымдастырушы - О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты мен Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы.