деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың төрағалығымен Алматы қаласы, Алматы облысы әкімдері орынбасарларының, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қорымен жұмыс істейтін 9 құрылыс компаниясының қатысумен жиналыс өтіп, онда құрылысы аяқталмай қалған нысандардың мәселесін бірігіп шешу жөнінде жоспар қабылданды. Құжат бойынша, Алматы мен Алматы облысындағы тұрғын үй нысандарының құрылысын тоқтатып тұрған мәселелерді шешу үшін күнтізбелік жоспар бекітілді», делінген «Самұрық-Қазына» қоры баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жиналыста құрылысшылардың рұқсат беру құжаттарын ала алмауы, үлескерлердің арызына сәйкес құрылыс компанияларының шоттарын жауып тастауы (сотта құны 34 млрд.теңгеге бағаланған 300 іс жатыр), кредиторлар алдындағы қарыз берешектері, кей нысандарда инженерлік жүйенің болмауы құрылысты тоқтатып тұрған негізгі мәселелер ретінде айтылған. Құрылысшылар нысандардың қазіргі жағдайымен таныстырып, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қорымен бірге жасалынып жатқан шаруалар жайында хабардар еткен.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Жылжымайтын мүлік қорымен бірге жұмыс істейтін Астанада - 56, Алматыда 10 тұрғын үй кешені бар. Олардың құрылысы аяқталғаннан кейін 13 мың пәтер пайдалануға беріледі, 10 мың үлескердің мәселесі шешіледі, 1 мың 332 шаршы метр үй экономикалық айналымға жіберіледі.