Алматыдағы Жетісу ауданының жаңа әкімшілік орталығы ашылды
деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Алматыда жаңа Алатау ауданының құрылуына байланысты қалалық Мәслихат пен қала әкімдігінің 2008 жылдың шілде айында ортақ шешімі шығып, Жетісу ауданының жаңа шекарасы белгіленген болатын. Осының негізінде ауданның әкімшілік орталығын шет жаққа орналастыру қажеттігі туындаған еді.
Қала әкімі аудан басшылығымен, ардагерлермен, жас мамандармен кездесіп, оларды жаңа қоныстарымен құттықтады. «Сіздер барлық жағдай жасалған жаңа орталықта ел үшін қызмет ететін боласыздар. Бұл қоныстың сіздерге тың серпіліс беріп, алдағы күнге жігерлендіретіні анық. Ауданның жүрегі болып табылатын әкімшілік орталық аудан халқының игілігіне жұмыс істеуі тиіс және сіздердің аудан республикадағы ең үздік аудандар қатарына жететіндігіне сенімдімін», - деді Ахметжан Есімов.
Кездесу барысында өзекті мәселелер жан- жақты талқыланды. «Жол картасын» жүзеге асыру, кіші және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік мәселелерді ойдағыдай шешу және басқа да істер жан- жақты сөз болды.
«Елбасы біздің алдымызға міндет қойғанда, кәсіпкерлерге жан- жақты қолдау көрсету қажеттігін тапсырған болатын. Біз кіші және орта бизнестің қай мәселеде ақсап жатқанын біліп, оны дамыту барысында қандай перспективаларға қол жеткізе алатындығымызды айқындауға тиіспіз», - деп атап өтті қала әкімі.