Алматыдағы жиі жер дүмпулері салдарынан тұрғындар арасында жылжымайтын мүлікті сақтандыру артқан

АЛМАТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда жер сілкінісі бола қалған кезде жылжымайтын мүлікті сақтандыратын «Сейсмоқорғаныс» атты жаңа бағдарлама іске қосылды.

Бұл сақтандыру өнімін «Номад Иншуранс» компаниясы іске қосып, тұсауын кесті.

Аталған бағдарлама әзірге Алматы қаласы мен облысындағы көпқабатты үйде тұратын пәтер иелеріне арналған, дегенмен болашақта бүкіл Қазақстан бойынша өрістету қарастырылуда. Компанияның басқарма төрағасы Ринат Ахматяновтың айтуынша, бұл компанияда бұрынырақ заңды және жеке тұлғалардың мүліктерін жер сілкінісі қауіпсіздігінен сақтандыру бағдарламасы қолға алынған, алайда соңғы кездегі жиі жер дүмпулері мүліктерді сақтандыруға деген қызығушылықты арттырған. «Бұрын біз осындай жағдаймен мүліктерін сақтандырғысы келетін адамдардан күніне 3-5 өтініш қабылдап келсек, қазіргі таңда көпқабатты үйдің 60-қа жуық тұрғыны қоңырау шалып, пәтерлерін сақтандыруды өтінуде», - дейді Р.Ахматянов.

«Номад Иншуранс» компаниясының андерайтері Нұртай Сейдаминов аталған бағдарлама бойынша ішкі құрылыс жұмыстары әлі біте қоймаған пәтерді сақтандыруға болатындығын айтады. Сақтандыру төлемдері мүліктің тек түгелдей күйреген кезінде ғана төленбек. Компания қабылдаған шешім бойынша Алматыдағы жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрі орналасқан ауданына қарай 1000-1500 долларға бағалануда. Тариф сақтандыру бағасынан - 0, 1%. Мәселен, осы бағдарлама бойынша Алматыдағы бiр бөлмелi пәтерді сақтандыру 50 АҚШ доллары айналасында болмақ.

Сонымен бiрге сақтандыруға қаңқалы-қамыстан жасалған ғимараттар, ағаш үйлер, саяжай мен шаруашылық құрылымдары, 1965 жылға дейін салынған пәтерлер жатпайтындығы айтылды.