Алматыдағы жылу электр орталығын газға ауыстыру мәселесін зерттеймін - Бақытжан Сағынтаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Әлеуметтік жауапкершілік, экономикалық күш, құқықтық мемлекет және дамыған азаматтық қоғам құру жолында бірлесіп жұмыс істеу стратегиясы әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы әрдайым азаматтық қоғам саласындағы үздік тәжірибелерді, инновациялық жобаларды және кейстерді қолдану алаңы болды. Бүгін біз ҮЕҰ тиімділігін арттыру және дамыту үшін «жол картасын» әзірлеуге жиналдық. Мен үшін қоғамның өзекті мәселелерін шешуде сіздердің пікір-ұсыныстарыңызды тыңдау маңызды. Біз қаладағы барлық ҮЕҰ-мен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сондықтан басты басымдықтар, стратегиялар, проблемалық сұрақтар мен мәселелерді шешу жолдары менің назарымда болады», - дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Кездесу барысында қала әкімі үкіметтік емес ұйымдар мен қалалық билік органдары арасындағы өзара іс-қимылдың бірқатар перспективалы бағыттарын атады. Экология мәселесі мен ауа сапасына тоқталды.

«Мен алматылықтарды не мазалайтынын білемін. Қалалық ЖЭО-2 газға ауыстыру мәселесін егжей-тегжейлі зерттеуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, экология саласында қоршаған ортаны ластаумен күрес және қаланы көгалдандыру өте маңызды», - деді әкім.

Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, тәртіпсіздіктер мен қылмыстардың алдын алу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, ПИК қызметінің жұмысын жақсарту, сондай-ақ қалалық бюджет шығыстарының ашықтығы, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.

Бүгінгі күні мегаполисте 4 мыңнан астам ҮЕҰ жұмыс істейді, оның 1 мыңға жуығы белсенді. Қалада 45 жастар ұйымы мен 170 діни бірлестік бар.

Автор: Алма Мұқанова