«Біріншіден, осы ауыр күндерде қаза тапқан жандардың туған-туыстарына Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері атынан көңіл айтамын. 2-3 күн болды. Қазақстан халқының басына шын мәнінде өте ауыр күн туды. Арыс қаласында болған оқиға - біздің қазақстандықтардың бәрін оятты. Біз Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығы оқиғадан соң бірден селекторлық жиналыс өткізіп, сол сағаттан бастап Арыстағы бауырларымызбен бір қатарда болдық. Алғашқы сәттен бастап көмекті бердік, беріп те жатырмыз. Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының Түркістан облысындағы және Шымкенттегі филиалы атсалысты», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА кеңесінің мүшесі, Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Мәжіліс депутаты ұйғыр орталығы Арысқа су тасып, бірден 1000 гамбургер апарғанын тілге тиек етті.
«Басқа этномәдени орталықтарымен, бөлімшелермен бірге көшірілген халыққа үйлерін босатып берді. Оларды тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. Қазір де Шымкенттегі 26-шы мектепте 125 көшіп келген арыстық туыстарға қамқорлық жасап жатыр», - деді ол.
Шаймардан Нұрымовтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Алматыдағы Достық үйінде ҚХА штабы құрылып, ол штаб Арыста жапа шеккен халыққа көмек беруді көздеп отыр.
«Штаб ақша мен тамақ, киім-кешек, құрылыс материалдарын жіберіп, тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Құдай қаласа, ертең Алматыдан Арысқа бірнеше көліктен құралған керуен жібереміз деп жатырмыз. Жұмыс жалғасады», - деді депутат.