Алматыдан қажылыққа 450 адам аттанып кетті

АЛМАТЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстаннан қажылыққа аттану сапары жалғасуда. Бүгін Алматыдағы Орталық мешітте ҚР Мұсылмандары діни басқармасының (ҚР ДМБ) төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің қатысуымен қажылыққа барушылардың кезекті тобын шығарып салу рәсімі өтті.

Шара барысында Бас мүфти мен ҚР ДМБ өкілдері қажылық барысында орындалатын амал-шарттар мен қажылық ережесін түсіндірді. Қажылыққа ниет етушілердің сұрақтарына жауап берді. Естеріңізге сала кетейік қажылыққа ниет еткендердің алғашқы тобы 24 қазан күні аттанып кеткен болатын. Бүгінгі топпен 450 адам аттанады. Қалғандары 9-10 қараша күндері ұшпақ.

Бас мүфтидің айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстан тарапына 4 мың адамға квота берілген. «Қазіргі кезде шамамен 3800 адам қажылыққа аттанып барады. Бұларға 17 туристік компания қызмет көрсетеді. Қазірге дейін 15 компания өз адамдарын аттандырып болды. Қалған екі компания алдағы екі күнде ниет етушілерді Сауд Арабиясына жеткізеді»,- деді Бас мүфти. Оның айтуынша, биыл да қажылық сапары барысында ниет етушілердің денсаулығын дәрігерлер бақылайтын болады.