Алматыға 2907 қоқыс жәшігі қажет

АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыға 2907 қоқыс салатын жәшік орнату қажет. Бұл туралы Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады.

Аталған басқарма қала аудандарының қоқыс жәшігіне деген сұранымын анықтау мақсатында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде Алатау ауданына - 79; Әуезов ауданына- 554; Алмалы ауданына - 539; Бостандық ауданына - 700; Жетісу ауданына -701; Медеу ауданына - 77; Түрксіб ауданына - 257 қоқыс урнасы қажеттігі анықталды. Бұған орай басқарма қалалық мәслихатқа осы қажеттлікті өтеу бюджетін бекіту туралы ұсыныс жасады.

Басқарманың мәліметінше 2008 жылы Алматыда орнатылған 16 мың қоқыс жәшігінің бүгінде 60 пайыздайы ғана қалған. Қалғандары вандализм актілеріне ұшырап, жарамсыз болып қалған, тіпті кейбіреулерін тұрғындар жекешелендіріп алғаны мәлім болып отыр.