Алматыға 7-Қысқы Азия ойындарының алауы келді

АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыға 7-Қысқы Азия ойындарының алауы келді. Елімізге жеткізілген алау алдымен Алматы қаласында тұтанбақ. Осыдан бірер сағат бұрын Алау кубогын қоғам өкілдері қаладағы халықаралық әуежайдан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен қарсы алды.

Бұрын хабарланғандай, алау эстафетасы сағат 14.00-де Алматыдағы халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде бастау алады. Әл-Фараби даңғылынан басталған эстафета Фурманов, Сәтбаев, Байтұрсынов көшелерімен жалғасып, Абай даңғылынан Достық, Шевченко, Қонаев, Қабанбай батыр, Абылайхан даңғылдарын басып өтіп, «Астана» алаңында аяқталады.

Бағыттың жалпы ұзақтығы - 11,7 шақырым, 80 адам алау құтысын алып жүреді. Олардың ішінде қазақстандық боксшылар, 2010 жылғы жазғы Азия ойынының қола жүлдегері Саида Хасенова, Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев, допты хоккейдің ардагері Евгений Агуреев, олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Ольга Шишигина және тағы басқа қоғамға танымал адамдар бар.