Алматыға Джеймс Бонд келді

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Сіздер төтенше жағдайдағы қауіпсіздік жұмыстарын жақсы орындай білдіңіздер. Бүгін ЮНИСЕФ-тің халықаралық ізгі ниетті елшісі Роджер Мур Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының мектебінде өткізілген апатқа қарсы қауіп-қатерді төмендету жаттығуы барысында осылай айтты

Роджер Мур мырза мен оның зайыбы Леди Кристина Мур ханым Алматы облысы Білім беру департаменті мен Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерімен бірлесіп, Үшқоңырдағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте болып, су тасқыны, өрт және зілзала секілді табиғат апаттарына қарсы тұру бойынша оқуларды көріп, оң бағасын берді. «Сіздер тәртіп ережесін сақтай білетін, әрі өте қабілетті актерсіңдер. Бұл менің соңғы уақытта көрген сәтті жаттығуларымның бірі, өйткені оқушылар жоғары деңгейде жаттыққан», деді Р. Мур.

Жаттығу барысында жер сілкінісі орын алғандығы жөніндегі дабыл қағылып, оқушылар біртіндеп далаға жүгіріп шыға бастайды. Сонымен қатар сақадай-сай тұрған өрт сөндірушілер мен алғашқы медициналық көмек көрсету қызметкерлірі орын алған өртті сөндіріп, түтінде қалған екі оқушыны құтқарды.

Аталған ұйымдар Алматы облысының мектептерінде апатты жағдайларда жан сақтау үшін қажетті дағдылар мен білімді дамыту үшін арнайы оқу бағдарламаларын енгізуде.

«Біз апатты жағдай орын ала қалған кезде балалардың қандай әрекеттерге бару керектігі жөнінде пайдалы мағлұмат беріп, білімдерін одан әрі жетілдіре түсу үшін осындай оқу-жаттығуларын ұйымдастырып, түрлі құралдар мен CD, DVD таспаларына жазылған деректерді таратудамыз. Жоба Алматы мен Алматы облысы және Оңтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. 2010-2011 жылдарға да қаражат бөлінді, енді Шығыс Қазақстан облысын да қосамыз», дейді ЮНИСЕФ-тің қызметкері, жобаның үйлестірушісі Райымбек Сисемалиев.