Алматыға сел қаупі жоқ - Алматы әкімі

АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов Алматы облысындағы су тасқынына байланысты қалалық қызмет басшылары мен аудан әкімдерінің кеңесін өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы әкімі кеңес барысында Алматы облысының әкімшілігіне су тасқыны зардаптарын жою үшін 100 миллион теңге материалдық көмек көрсетілетінін айтты.Сонымен қатар әкім аппараты бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдаған.Ахметжан Есімов бұнымен қатар аудан әкімдері мен басқармалардың өкілдеріне Алматы облысындағы әріптестеріне кез-келген көмекті көрсетуді тапсырды.

Отырыста бұнымен қатар Алматының да селден қорғалу мүмкіндігі айтылды. Қала әкімінің айтуынша, Алматыда сел болу қаупі жоқ. Әйтсе де соңғы күндері қаланың арнайы қызметі облыстағы жағдайға байланысты арнаулы режимге көшірілген. Таулы аумақтарда «Қазселденқорғау» қызметінің бақылау бекеттері орнатылған. Күнделікті геологиялық және гидрогеологиялық мониторинг жүргізіліп отырылады. Отырыста Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дамир Халықов алаңдауға еш негіз жоқтығына сендірді.Отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Мәулен Мұқашевтің төрағалығымен сел мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалалық штаб құруды тапсырды. Қала әкімі бұдан бөлек, бүгін таңертең Алматыны селден қорғау шараларын өзі тексеріп көрді. Төтенше жағдайлар штабының өкілдерімен бірге тікұшаққа отырып Алматы маңындағы сел қаупі бар аумақтарды шолып шықты. «Қазгидромет» өкілдері алдағы күндері Алматыда ауа райы 20 градустан астамға жылитынын айтады. Бүгінгі қала әкімінің рейді көрсеткендей, 2500 метр биіктікте қар қалмаған. Бұл өз кезегінде сел қаупін тудырады. Алайда, отырыс барысында айтылғандай, Алматы табиғаттың барлық тосын жағдайына дайын.