Алматыға шұғыл қонған ұшақ экипажы халықаралық талапқа сай әрекет еткендерін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Аir Astana» әуе компаниясының өкілдері Астана-Алматы бағыты бойынша КС672 рейсін орындау барысында бір қозғалтқышы істен шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болған ұшаққа қатысты «ҚазАқпарат» тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

«Әуе компаниясының «Боинг - 757» ұшағы 2017 жылдың 7 наурызында Астана-Алматы бағыты бойынша КС672 рейсін орындау барысында штаттық режімде жерге қонды. Экипаж мүшелері техникалық себептерге байланысты істен шыққан сол жақтағы қозғалтқышты сөндірді», деді әуе компаниясының баспасөз қызметіндегілер.

«Аir Astana» компаниясы ұшағының экипаж мүшелері халықаралық қауіпсіздік талаптары бойынша әрекет еткендіктерін айтты.

Қазіргі уақытта әуе компаниясы жағдайдың мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұшақ бортында 69 жолаушы, 8 экипаж мүшесі болған.

Айта кетейік, бұған дейін «Аir Astana» әуе компаниясының КС672 рейсін орындаған ұшағы Алматы халықаралық әуежайында шұғыл түрде қонғаны хабарланған болатын.