«Алматыға тасқын астында қалу қауіпі төніп тұр» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Аталған іс-шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұмалық санында «Үйлестіру кеңесінің үйлесімді ісі» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, мәжілісті ашқан Бас Прокурор Қайрат Мәми Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы бөлінген қаражаттың заңды әрі тиімді жұмсалынуына қатаң бақылау орнату туралы құқық қорғау органдары алдына үлкен міндет қойғандығын атап өткен. «Өйткені, Ұлттық қор қаржысының жұмсалуы халық үшін қашанда ашық әрі түсінікті болуы керек. Бұл тапсырманы орындау мақсатында құқық қорғау органдары "Самұрық-Қазына" қорымен және басқа да холдингтермен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарды. Нәтижесінде осы уақытқа дейін бөлінген қаржы талан-таражға салынбай белгіленген мақсаттарға сай жұмсалды. Әрине, бұл бағытта іс-шараларды әлі де жалғастыра беру қажет. Сондықтан да Үйлестіру кеңесінде осы мәселелерді одан әрі пысықтау көзделген», депті Қ.Мәми. Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, өткен жылы мемлекет ұлттық экономиканы қолдауға теңдессіз шаралар қабылдап, осы мақсатта Ұлттық қор қаржысынан 1 триллион 200 миллиардтан астам теңге бөлген.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің «Қазақстанның қарышты қадамдары» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Ол мақаласында еліміздің тәуілсіздік алған алғашқы жылдарына, 1997 жылдан бастап дәстүрге айналған жыл сайынғы Елбасының Жолдауларына шолу жасай келіп, ағымдағы жылғы Жолдауға кеңінен тоқталған. «Қазақстан халқына арнаған сөзін аяқтай келе Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: "Біз бірлесе отырып Қазақстанды табысты ел ете алдық және бірлесіп оны өркенді елге айналдыра аламыз". Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің бәрі дәл бұрынғыдай шешімін табатынына ешқандай күмән жоқ және біздің Отанымыз - біздің туған Қазақстанымыз әлемнің озық мемлекеттерімен бір қатарда тұратын болады», деп түйіндейді мақаласын Сенат Төрағасының орынбасары.
Осы газеттің дәстүрлі «Үкімет» айдарында «Ел тағдыры кәсіпкерлер қолында», «Электронды үкіметтің көкжиегі», «Бәсекеге қабілеттілік кепілі» деген тақырыптармен бірнеше мақала топтамасы жарық көрді. Ел Үкіметінің атқарып жатқан ауқымды істерінен құлағдар болғыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріне назар салыңыз.
Күні кеше елорда төрінде тұсауы кесілген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антология жайында «Егемен Қазақстан» газетінің айқара бетінде «Күй ойнайды қазағымның қанында» деген ортақ тақырыппен бірнеше мақала жарияланып отыр. бұл беттен «Күй - көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер.
Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаймын», деп жазған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың аталмыш антологиядағы алғысөзімен, еліміздің бірқатар мәдениет қайраткерлерінің ой-пікірлерімен, тұсаукесер рәсімнің өту барысын толық қамтыған мақаламен де егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
Антологияның тұсаукесер рәсіміне арналған көлемді мақаланы «Алаш айнасы» басылымынан да оқи аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Рақышевтың қиялы» атты мақала жарық көрді. Осыған дейін «Жаралы сезім», «Менің де атым - Қожа», «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді» сынды фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ режиссерлары тарапынан сынға ұшырап келе жатқан режиссер Еркін Рақышевтың жаңадан тұсауы кесілген бұл киносындағы басты идея жалпы халықты, әсіресе еліктегіш жастарды алдымен туған тілін қастерлеп, өз ұлтының рухани құндылықтарын бағалауға үндеу болып табылады. Сол биік мақсатты қалай жүзеге асыруға болатынын режиссер бұл жолы таза қиялмен көрсеткісі келіпті. Жұмыр басты пенденің барлығының да мәңгі өмір сүргісі келеді ғой, сондықтан қазақтың өзінен бастап, америкалыққа да, қара нәсілге де, қытайға да, бәріне де жан керек болса, қазақ тіліне көшуге мәжбүр болады деп, осал тұсынан ұстайды. Сөйтіп, Барак Обама да, оның оңайлықпен илікпес жұрты да қазақшаға судай ағып, тіпті АҚШ-тың мемлекеттік тілі етіп қазақ тілін алады. «Ұшқыр қиялға тәнті болмасқа шара жоқ. Алайда айтар кемшілігіміз бен тағар айыбымыз да - сол баяғы кәсіби киноның ауылынан алыстығы. «Келін» үшін Ермек Тұрсыновты жерден алып, жерге салсақ та, оның фильмдерінің кәсібилігін осы тұста мойындауға мәжбүрміз. Кез келген әлем экранынан ұялмай көрсетуге лайық. Жарайды, бұл әуесқой режиссердың халық үшін түсірген киносы деп қарайық, алайда шикілігі сонда да бар: қазақшаға үндеп тұрған фильм кейіпкерлерінің өзі қазақшаны қалалық акцентпен сөйлейтіндігі, әсіресе журналист болып сұрақ қойып отырған қыздардың тілі», деп жазады басылым.
«Алматыға тасқын астында қалу қаупі төніп тұр». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде көлемді мақала басылды. «Жауын-шашынды күндердің салдарынан Алматы облысында су астында қалған үйлердің қатары қазірдің өзінде 100-ден асып кетті. Қауіп басқа елді мекендер мен Алматы қаласы тұрғындарына да төніп тұр», деп жазады басылым. Мақалада айтылған жайттардан басылымның жұма күнгі нөмірінен толық мағлұмат алуыңызға болады.
Осы тақырыпты одан әрі қаузаған «Комсомольская правда Казахстан» газеті «Табиғаттың тосын мінезі Алматы облысының 6 мыңнан астам тұрғынын үйін тастап шығуға мәжбүр етті», деп жазады. Облыстың көптеген ауылдарының тұрғындары жауын-шашын мен қардың еруі салдарынан тұрғылықты мекендерінен қоныс аударуға мәжбүр болып отыр. Кейбір жерлерде жолдар мен көпірлерді су шайып кеткен. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтеріне қарағанда, Іле және Жамбыл аудандарының тұрғындары су салдарынан көп зардап шеккен.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарымен қойылған сауалы - «Мемлекет жер сатудан пайда көрді ме?». Аталған сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Ұзаққали Елеубаев жер сатуға байланысты өз ойын «бұл саяси тұрғыдан алғана дұрыс шешім болды. Жер сатылады дегенмен, оның өзіндік шегі бар» дей келіп, жер сатудан ұтпасақ, ұтылмаймыз деген пікірін білдірген. Ал қоғам қайраткері, публицист Серік Еркеғали «Жер сатудан ел бюджетіне айтарлықтай қор жиналып, мемлекет пайда тапты деп айта алмаймын. Өйткені ондай толайым табыс болса, тиісті орындарда отырған шенеуніктер алақайлап әлдеқашан айқай салған болар еді», дейді. Елге танымал екі азаматтың жауаптарын толық оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне назар салыңыз.
***
«Кеше Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы қоғамдық гуманитарлық институттар директорларының қатысуымен кеңес болып өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.
Басылымның жазуынша, кеңес барысында 2009 жылдың қазанындағы институт қызметін тексеру қорытындылары талқыланып, Мемлекет басшысының ғылыми қызметті модернизациялау жөніндегі тапсырмаларды орындау тұрғысындағы перспективалар нақтыланған.
Бұл кеңес «Егемен Қазақстан» газетінің де назарынан тыс қалмаған.
«Кеше Киевте елдің жаңа президентінің инаугурациясы өтті. Таяда ғана сайланған Виктор Янукович державалық күрзіні қолына алып, тәуелсіз Украинаның төртінші президенті болды», деп хабарлайды «Литер» газеті. Басылымның жазуынша, бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен қатар Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та құттықтаған. 100-ге жуық шетелдік делегация қатысқан ұлықтау рәсіміне Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған топ та қатысты. Жалпы аталған шарада 11 мемлекеттің басшысы, 15 сыртқы істер министрі және 4 парламент басшылары болған.