Алматыға Тәжікстаннан келген жеке тасымалдаушының жолаушысынан «ТТ» жауынгерлік тапаншасы табылды

АЛМАТЫ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі, 21 жастағы Тажікстан азаматы «Боран-051» патрульдік көлігін көре салып, көпе-көрнеу сасқалақтай бастайды.

Полицейлер мұны байқап, жүргізуші мен оның қасындағысын тексеруге шешім қабылдаған, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.

«Жүргізуші басқа елдің азаматы болып шықты. Ол адамда бір айлық уақытша тіркеу болған, алайда қандай да бір еңбек түрімен айналысу рұқсаты жоқ екен. Ал одан гөрі жолдасының мәліметтері қызығырақ болып шықты. Қарағандыдан келген 24 жастағы азаматта оқшантайында 6 оғы бар «ТТ» маркалы тапаншасы бар екен. Бұл адамның бұрынырақта қасақана денеге ауыр жарақан салғаны және тонау үшін жазасын өтегендігі белгілі болды. Е. есімді азамат бұл тапаншаны биылғы сәуір айында Қарағандыда біреумен төбелесу кезінде тартып алғанын айтып, ақталды. Бұл сөздердің қаншалықты рас-өтірігі ҚР ҚК-нің 251 бабы бойынша басталған тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қарауылға алынды», - деп мәлімдеді Бостандық ауданы ІІБ-дағы бөлім бастығы, подполковник Руслан Манапов.

Тергеудің алғашқы сағаттарында-ақ Есет есімді бұл азамат бірнеше ай бұрын Қарағандыда адам өлтіріп, жергілікті полициядан ізін жасыру үшін Алматыға келгендігі анықталды. Оған ресми түрде іздеу жарияланған болатын.

«Тергеу жеке тасымалдаушы мен қылмыскер арасында ешқандай байланыс жоқтығын дәлелдеді. Алайда, бұл Қазақстанның көші-қон заңын өрескел бұзған шетелдік азамат жауапқа тартылмайды деген сөз емес. Бүгін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылу үшін сотқа шықыртылады, сот шешімі бойынша оның елден шығарылуы мүмкін», - деп қорытындылады  подполковник Манапов.