Алматыға жаңа прокурор тағайындалды

АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыда ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мен қала әкімі Ахметжан Есімов прокуратура ұжымына қаланың жаңа прокуроры Әмірхан Естаевты таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әмірхан Естаев 46 жаста. Бұған дейін Атырау облыстық экономикалық қылмыстар және жемқорлықпен күрес департаментінің бастығы, 2009 жылдың ақпан айынан Алматы қалалық экономикалық қылмыстар және жемқорлықпен күрес департаментінің бастығы қызметін атқарған.Қала әкімі А.Есімов жаңа прокурорды құттықтап, барлық құқық қорғау орындарының заңсыздықпен бірлескен күресін жетілдіру қажет екендігін атап өтті. «Алматы ?ерекше қала, бұнда еліміздегі 37 банктің 34-і орналасқан. Ірі бизнес құрылымдары мен үлкен көлемдегі қаржы айналымы бар. Сондықтан қылмыстардың көп бөлігі осында жасалады. Алматыда заңдылық қатаң сақталуы тиіс», деді А.Есімов. Ол сондай-ақ қаладағы негізгі проблемаларды да атап өтті. Заңсыз жер басып алу, үлескерлік құрылыс, түрлі секталар мен миссионерлік ұйымдар қызметі, заңсыз миграция, мигранттардың тарапынан жасалатын түрлі қылмыстар жаңа прокурордың басты назар аударатын мәселелері болмақ.Отырыс барысында Республиканың жаңа әскери прокуроры Ерғали Мырзадинов та таныстырылды.