Алматылық 22 мың бала Орталық саябақтағы аттракциондарды тегін пайдалана алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жазғы каникул кезеңінде Алматы қаласы әкімдігі әлеуметтік осал отбасынан шыққан балалардың Орталық мәдениет және демалыс саябағында аттракциондарды тегін пайдалану мәселесін пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік ұсынысын саябақ әкімшілігі қолдады. Осылайша, саябақта аттракциондарға тегін карточкалар беру туралы шешім қабылданды. Бұл акция Алматы тұрғындары үшін қолжетімді болмақ.
«Аталған акциямен халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы 22 мың баланы қамту жоспарда. Бұл карталар кез келген аттракциондар мен карусельдерге, соның ішінде барлығының сүйікті «Цепочка», «Колесо обозрения» және катамаранмен жүруге мүмкіндік береді. Аттракциондарды тегін пайдалану 15 шілдеден бастап қол жетімді болады»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Карточкаларды алу үшін «Алтын Тараз» ЖШС кеңсесіне Гоголь көшесі, 1 мекенжайы бойынша хабарласу қажет.
Өзіңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі (көшірмесі немесе электронды түрде) болуы міндетті. Анықтама телефоны: 7 (705) 892-75-24.
«Сонымен қатар, балаларға қоғамдық бірлестіктердің (мүгедектер үйлері, саңыраулар қоғамдары, балалар үйлері, мектеп-интернаттар) өтінімдері бойынша аттракциондар тегін»,- деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Бұдан бөлек саябақта тегін нысандар бар: футбол алаңы, баскетбол алаңы, коньки паркі, роллердром, үстел теннисі алаңы. Жаз мезгілінде әр сенбі және жексенбі күндері балалар қалашығының сахнасында бүлдіршіндерге арналған екі сағаттық тегін шоу бағдарламасы ұсынылады.
Саябақ әкімшілігі барлық іс-шараны өткізуге кететін шығындарды өз мойнына алды.