Күдіктілер түлектерді грантқа немесе сырттай бөлімге түсіріп береміз деп алдап, сол үшін ақы алып отырған.
Қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетовтің айтуынша, олардың әрекеті Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр.
«Қазіргі таңда Б.Ұзақбаев пен А.Махабаевқа қатысты ҚР ҚК 190-бабының 2-бөліміне, 190-бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотталушыларға аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды», - деді Д.Махамбетов.
Іс материалдарына сәйкес, күдіктілер 9 жыл бойы түлектерді алдап келген. Олар өздерін Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының, Қазақ жол және хабарлама университетінің, Қонаев атындағы Академияның қызметкері ретінде таныстырып, грантқа немесе сырттай бөлімге оқуға түсіруге уәде берген. Сондай-ақ, олар емтихан мен диплом қорғауда да көмектесеміз деген. Бұл «қызметі» үшін олар 32,7 млн теңге алып үлгерген.