АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі «2022 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы» қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжат жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.
Қоғамдық талқылауға ұсынылған құжатта биылғы жылы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға ата- аналар бір баланың бір айлық тамағы үшін 20 500 теңге төлейді.
Айта кетейік, бір балаға мемлекеттік тапсырыс 41 197 теңге болып белгіленді.
Әкімдіктің мәліметінше, мемлекеттік балабақшаға – 36 571, ал жекеменшік мектепке дейінгі мекемеге – 30 638 бала барады.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.
Алма Мұқанова
Алма Мұқанова Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Кино және Телевизия» факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, республикалық телеарналарда түрлі қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі. ҚР Журналистер одағының мүшесі.