Алматылық банкирді өлтіргендерге қатысты сот үкімі жария етілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Алматыдағы банктердің бірінде қызмет еткен Нұршат Розиевтің өліміне қатысты қылмыстық істің үкімі жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тергеу мәліметтерінде айыпталушылар Жандос Байзақов пен Аслан Райбаев Розиевтің жол-көлік апатына ұшырағанын көріп, бұл оқиғаны жасырып қалатындарын айтып, сол үшін ақша талап еткен. Алайда, жәбірленуші Розиевтің әкесі зақымданған көлік иесіне өздері хабарласып, шығынын өтеп бергенін жеткізген. Айыпталушылар қоқан-лоққы көрсетіп, талап еткен ақшаны бере алмайтынын айтқан.

Бұл іс бойынша сот Байзақов қылмысты жалғыз өзі жасағанын анықтап, оған қатаң режімдегі түзеу колониясында 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, үкім бойынша оның жеке мүлкі тәркіленеді. Ал, оның жанында болған Аслан Райбаев жеке мүлкі тәркілене отырып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленушінің туыстары тағайындалған жазаға қатысты шағым келтірмек.

Еске сала кетейік, Нұршат Розиев 2016 жылдың 3 қыркүйегінде жоғалып кетті. Ол тұрған үй жартылай өртеніп кеткен. Nissan Primera маркалы көлігі үйдің ауласында жоқ болып шыққан. Кейін оның мүрдесі өзен жағасынан табылды.